Фармацевтика нарығындағы қазақстандық өндірушілердің үлесі қанша

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Фармацевтика нарығындағы 765,3 млрд теңгенің 121,1 млрд теңгесін ғана қазақстандық өндірушілер игеріп отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фармацевтика нарығындағы қазақстандық өндірушілердің үлесі қанша

Министрдің айтуынша, биылдың өзінде салада импортты алмастыруды арттыру шеңберінде мынадай шаралар көзделген:

дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде 5 жаңа өндірісті іске қосу;

оның ішінде: Big Pharma-ны тарта отырып, отандық фармацевтикалық өнімді халықаралық тану үшін Ұлттық реттеушіні дамыту;

дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар айналысының барлық процестерін цифрландыру; Дәрілік заттарды таңбалау мен олардың бақылануын енгізу.

«Бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алудың жалпы көлеміндегі отандық өндірістің үлесі 37%-ға дейін өсуі керек. Қазіргі таңда елдегі фармацевтика нарығының жалпы көлемі 765,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде отандық тауар өндірушілер 121,1 млрд теңгенің өнімін жеткізіп отыр. Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу көлемі 244,9 млрд теңгені, отандық тауар өндірушілерден 90,6 млрд теңгені құрады», - деді ведомство басшысы.

Министрдің мәліметі бойынша, медицина саласында 88 отандық тауар өндіруші жұмыс істеп отыр. Оның ішінде 32 дәрілік заттарды өндіруші, 56 медициналық бұйымдар мен техника өндіруші бар.

«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесіне сәйкес, бірыңғай дистрибьютор дәрілердің 91%-ын сатып алды. Бұл дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 1 496 позициясы деген сөз. Қазіргі таңда бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына 1 346 позиция немесе 90% түсті.

Сондай-ақ 2021 жылы Бірыңғай дистрибьютор жалпы сомасы 33 млрд теңгеге 459 атау бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың азайтылмайтын қорын сатып алды», - деді Ажар Ғиният.