Фармацевтика саласында отандық өндірісшілердің үлесін 2014 жылы 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр - Индустрия және сауда вице-министрі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дәрі-дәрмек өндірісін үш топқа бөлуге болады. Бірінші - түпнұсқа (патентпен қорғалған), екінші - жаңғыртылған (дженериктер), үшінші - субстанция. Фармацевтика нарығының құрылымында ақшалай түрде импорт 90 пайызды, ал отандық өндіріс 10 пайызды құрайды. Егер заттай түріне немесе қаптырмадағыға келсек, импорт 70 пайызды, отандық өндіріс 30 пайызды құрайды. Фармацевтика нарығында мемлекет негізгі ойыншы, мемлекеттік сатып алынатын дәрі-дәрмек секторы 37 пайыздан асады. Осы себепті 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік жеделдетілген индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында енді импорттың үлесін өзгертіп, отандық фармацевтика өндірісін дамыту үшін бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылмақ», дейді Индустрия және сауда вице-министрі Ерхат Исқалиев. Оның айтуынша, дәрі-дәрмекті тұтынуда дженириктер нарығы 85 пайызды, түпнұсқа препараттар 15 пайызды құрайды. Сондықтан дженириктер өндірісі отандық өндірушілердің үлесін ұлғайтуда айтарлықтай тартымды болып отыр. Фармацевтика саласын дамытудағы басты мақсат - отандық өндірісшілердің үлесінен 2014 жылы ішкі дәрі-дәрмек құралдарын тұтынуды 50 пайызға қамтамасыз ету. Оған қол жеткізу үшін мына шаралар жүзеге асырылмақ. Бірінші - дәрі-дәрмек құралдарының сапасын қамтамасыз ету. Екінші - ұзақмерзімдік келісімшарттар жасау. Үшінші - жеңілдетілген несиелер ұсыну. Төртінші - отандық кәсіпорындардың ТМД елдерінің нарығына енуін қамтамасыз ету.