Фармацевтика саласы: жетістіктер, заңбұзушылықты анықтау шаралары және жоспарлар

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтіп, онда фармацевтика секторының жай-күйі талқыланды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова саладағы атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеді.

Фармацевтика саласы: жетістіктер, заңбұзушылықты анықтау шаралары және жоспарлар
Фото: ДСМ

Оның сөзінше, министрлік дәрілік заттардың халық үшін қолжетімділігін арттыруға, олардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге, отандық фармацевтикалық өндірісті кеңейтуге, сондай-ақ фармацевтикалық жеткізу тізбегіне цифрлық технологияларды енгізу шараларына баса мән береді.

Бүгінде еліміздегі дәріханалар мен дәріхана пункттерінің саны 6%-ға артып, жалпы саны 10 мыңнан асты. Оның 3 мыңнан астамы ауылдық жерлерде.

— Дәріханаларда қызмет көрсету сапасын арттыру үшін «Дәріханалық тәжірибенің (GPP) стандарттары» енгізілді. Бұл стандарттар дәрі-дәрмектерді сақтау, оларды босату және пациенттерге кеңес беруге қатысты талаптарды белгілейді. Соңғы 2 жылды осы стандарттарға сәйкестігін растайтын дәріханалардың саны 34%-ға артты. Бүгінде еліміздегі әрбір үшінші дәріхана осы стандарттарға сәйкес келеді, — деді министр.

Ақмарал Әлназарова
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен қатар, оның сөзінше, фармацевтикалық нарықта дәрілік заттардың түрлерін кеңейту мақсатында тіркеу рәсімдері оңтайландырылып, цифрлық форматқа көшірілді. Нәтижесінде, тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1 423 атауға артып, олардың саны 22 мыңға жетті.

— 2026 жылдың 9 айыныңқорытындысы бойынша дәрі-дәрмек сатылымы, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға өсті. Мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде өндірілген қазақстандық дәрілік заттардың көлемі 13%-ға артып, ішкі нарықтағы үлесі 42%-ға жетті, — деді Ақмарал Әлназарова.

Заң бұзушылықтардың алдын алу жолдары қандай

Министрдің мәліметіне жүгінсек, фармацевтика саласында бірқатар заңбұзушылық анықталған. Оның сөзінше, 2024 жылы енгізілген таңбалау жүйесі дәрілік заттардың қозғалысын бақылауға, қорларды басқаруға және бағаларды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді.

— 2026 жылы цифрлық мониторинг барысында 788 субъектінің дәрілік заттарды айналымнан екі рет шығару фактілері, тегін берілетін дәрілердің бөлшек саудада сату фактілері, олардың шекті бағалардан жоғары сату фактілері бойынша заңбұзушылықтар анықталып, өткен жылмен салыстырғанда 10 есеге артқан. Анықталған фактілер бойынша заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды, — деді Ақмарал Әлназарова.

фармацевтика
Фото: Ақорда

Оның айтуынша, қабылданған шаралар нәтижесінде тегін дәрілердің дәріханаларда сату фактілері 20 есеге азайды.

Сонымен қатар, таңбалау жүйесінде ұйымдардағы дәрілердің көлемі мен бағасын цифрлық бақылау енгізілген. Соның нәтижесінде жедел респираторлық инфекциялардың маусымдық өршуіне дайындық аясында вирусқа қарсы дәрілік заттардың 123 млн қаптамасы анықталды. Бұл қажетті дәрілер көлемінің жеткіліктілігін білдіреді.

Бағаны цифрлық бақылау нәтижесінде айналымдағы дәрілердің 50%-ының құны тұрақты екені анықталды. Ал 799 дәрі түрінің бағасы төмендеген.

Ақмарал Әлназарова таңбалау жүйесінің ауқымы кеңейіп келе жатқанын да атап өтті. 2026 жылдың қыркүйегінен бастап биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау енгізілсе, 2027 жылдың 1 наурыздан бастап медициналық бұйымдарды таңбалау көзделген.

Министрдің мәлімдеуінше, азаматтар «eGov Mobile» және «Нақты өнім» қосымшаларын пайдалана отырып, дәрілік заттың жүйеде тіркелгенін, оның өндірушісін, сондай-ақ дәрінің қолжетімділігі мен оның бөлшек сауда да шекті бағасы туралы ақпараттар ала алады.

— Сонымен қатар, қандай да бір заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, азаматтар аталған қосымшалар арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне тікелей шағым жолдауға мүмкіндігі бар, — деді ол.

Жаңа кешеннің тиімділігі қандай болмақ

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында биологиялық қауіпсіздігі жоғары деңгейге сәйкес келетін заманауи зертханалық кешен салынатынын да мәлімдеді. Нысан елордада бой көтермек.

Оның сөзінше, биыл сәуір айында еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реттеуші жүйелерінің 3-ші деңгейіне қол жеткізді. Бұл бағалау ұлттық реттеу жүйесінің тұрақты жұмыс істейтінін және халықаралық талаптарға толық сәйкес келетіндігін растайды. Қазақстан — ТМД елдері арасында мұндай дәрежеге ие болған алғашқы мемлекет.

— Мемлекет үшін бұл — отандық дәрілердің экспорт көлемінің артуы мен фармацевтика саласына инвестиция тартуына септігін тигізеді. Халық үшін бұл — дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары екендігіне кепілдік береді, — деді министр.

Енді келесі мақсат — төртінші, яғни ең жоғары деңгейге жету. Бұл Қазақстандағы фармацевтиканың халықаралық өндірістік хабына айналуына, дәрілердің экспорттық мүмкіншілігін кеңейтуге жол ашады.

— Осыған байланысты Астана қаласында биологиялық қауіпсіздігі жоғары деңгейге сәйкес келетін заманауи зертханалық кешен салу жоспарлануда. Мұнда вакциналарға сынақ жүргізуге, сондай-ақ олардың сапасы мен қауіпсіздігіне тәуелсіз бағалау мүмкіндіктері кеңейеді, — деді Ақмарал Әлназарова.

ДСМ дерегінше, биыл 28 қыркүйекте «VL» ЖШС-мен «Зертханалары бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығын» салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу туралы келісім шарт жасалды. Аталған жұмыс келесі жылы 30 сәуірде аяқталмақ.

Фармацевтика саласы: жетістіктер, заңбұзушылықты анықтау шаралары және жоспарлар
Фото: ДСМ

Саладағы жетістіктер

Денсаулық сақтау министрі фармацевтикаға қатысты нақты статистикаларды бөлісті. Оның мәлімдемесіне сенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтика нарығының көлемі 1 трлн 285 млрд теңгеге жетіп, екі жыл ішінде 31%-ға өсті. Оның ішінде қазақстандық өндіріс көлемі 37%-ға артты. Оң үрдіс биыл да сақталып отыр. 2026 жылдың 8 айында 157 млрд теңгенің өнімі өндірілді, яни көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға жоғары. Сонымен бірге, соңғы 2 жылда салаға салынған инвестициялар көлемі 3,3 есеге, ал экспорт 1,9 есеге өсті. Экспортқа жолданатын негізгі мемлекеттер қатарына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Молдава кірді. Ал былтыр «Химфарм» компаниясы Еуропалық Одақтың GMP сертификатын алып, Еуропа нарығына шықты. Атап айтсақ, 2026 жылдың қыркүйегінде қант диабетін емдеуге арналған дәрілік затының алғашқы партиясы Болгарияға жөнелтілді.

— Қазақстандық өндірісті одан әрі дамыту және инвестия тарту мақсатында Министірлік жалпы сомасы 862 млн АҚШ доллары болатын 8 инвестиялық жобалар келісімшартын жасады.Жобалар аясында 494 дәрілік затты өндіру және 1 200 жұмыс орнын құру көзделген.Оның ішінде алғашқы 300 дәрілік затты 2027-2030 жылдары өндіру жоспарланған, — деді Ақмарал Әлназарова.

 Оның сөзінше, Қазақстанның фармацевтика саласын дамыту 3 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр:

  • Біріншісі — бұл, ұзақ мерзімді келісім шарттар жасасу;
  • Екіншісі — мемлекетаралық сатып алулар тетігі. Бұл тетік қазақстандық кәсіпорындардың сату нарықтарын кеңейтуге және экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді;
  • Үшіншісі — сатып алу процестері кезінде қазақстандық өнімдерге жеңілдік беру тәсілі.

Министр бұл шаралар қазақстандық дәрі-дәрмектерге деген сұранысты арттыруға, өндірісті дамытуға және елдің фармацевтикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі үш жылда үш еседен астам өскенін жазғанбыз.