Фашистік Германияда тұтқында болған 9 қазақстандық 2500 еуродан өтемақы алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2-ші Дүниежүзілік соғыс кезінде Германия концлагерлерінде тұтқында болған 9 қазақстандық ГФР тарапынан 2500 евродан өтемақы алды, жалпы 13 қазақстандықтың құжаты жолданды. Бұл туралы бүгін Алматыдағы ҚР Президенті архивінде өткен тарихи-құжаттық көрме барысында ҚазАқпарат тілшісіне аталған архивтің бас сарапшысы Жылгелдинов Мұхаммед айтып берді.
None
None

«2015 жылдың ақпан айынан бастап, ҚР Президентінің архиві «2-ші Дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары: деректер, әдебиеттер, мәліметтер» атты база жасақтау жобасын жүзеге асыра бастады. Осы жоба негізінде tutkyn.kz сайты жасалып, оған қамауда болған 35 мыңнан аса қазақстандық туралы мәліметтер жарияланды. Жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Осы жоба аясында Германия Федеративтік Республикасы жариялаған өтемақыны 9 қазақстандық алды. Нақтырақ айтқанда, 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап, ГФР үкіметі бұрынғы тұтқында болған кеңестік әскерилерге 2500 евро көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім шығарған. Осы жоба аясында біздің архив қазір көзі тірі 12-13 адамның құжаттарын жинастырып жіберді. Солардың ішінде былтырдан бері 2016-2017 жылғы есеп бойынша, 9 адам Германия тарапынан 2500 еуродан өтемақы алды», - деді М.Жылгелдинов.

Сарапшының айтуынша, қазіргі уақытта тұтқында болған қазақстандықтардың өтемақы алу жобасына ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі де қосылып жатыр.

«Ведомство әр облыстан әскерилер бойынша ақпараттар жинастыруда. Бірақ, Германияға құжаттарды жолдап отырған Президент архиві болғандықтан мәліметтер осында жіберіледі де, біз өз тарапымыздан тексеріп, Германияға жолдаймыз. Германияда да тексеріледі. Оларда концентрациялық лагерлерде болғандардың тізімдері сақталған. Сол жерде сәйкестендіріледі. Егер барлығы анықталса, онда 1 - 1,5 айдың көлемінде өтемеқасын алады», - деді ҚР Президенті архивінің бас сарапшысы.

Германия тарапынан жасалып жатқан бұл жоба 2017 жылдың қыркүйек айында аяқталатынын ескерткен маман әлі де уақыт бар екенін айтты.  

«Біз әлі де хабарлап, осындай жоба жүзеге асырылып жатқанын айтып жатырмыз. Көзі тірі қазақстандық әскери тұтқын болса, керек құжаттарын жіберіп, бізге хабарласса, Германияға тезірек жіберіп, өтемақы алуына мүмкіндік жасалады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар