ФастФуд - тағам түрі тиімсіз және оны өмір нормасы етуге болмайды - Сәуле Диқанбаева

АЛМАТЫ. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін әлемдік қауымдастық Дүниежүзілік тағамтану  күнін атап өтуде. Бұл шараның мақсаты - қауымдастық назарын қазіргі кездегі қоғамдағы тамақтану проблемаларына аудару. Осы мәселелерге орай Алматыда  салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық орталығында Дүниежүзілік тағамтану күніне арналған «Тамақтану - қазіргі заманның негізгі проблемасы» атты тақырыпта  «дөңгелек үстел» мәжілісі болып өтті,

ФастФуд - тағам түрі тиімсіз және оны өмір нормасы етуге болмайды -  Сәуле Диқанбаева

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

     «Көне заманғы қағидада:  «Ас - адамның арқауы» - делінген. Өкінішке қарай, біздің замандастарымыз өзін дені сау және сымбатты сезіну үшін қалай тамақтану керектігін біле бермейді. Тамақтанудың да өзіндік ережелері бар және оларды ескермеуге болмайды, өйткені тамақтану - біздің денсаулығымыздың құрамдас бөлігі екенін есте сақтауымыз қажет», дейді  Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық орталығының Бас директоры Сәуле Диқанбаева.

     Оның айтуынша, Қазақстанда тамақтануға байланысты дерттер динамикасының теріс үрдісі қалыптасқан. Ас қорыту органдарының, эндокриндік жүйе ауруларының, жүрек қан-тамыр патологиясының және қатерлі ісіктер санының  өсуі байқалады. Өлім жағдайларының  86 пайызының себебтері созылмалы аурулар екенін ескерсек, тамақтанудың атқаратын рөлі ерекше ауқымды екенін түсіну керек. Соңғы кезде тұрғындар арасында жедел дайындалған тағам түрлері танымал болуда - гамбургерлер, хот-догтар, чипсылар, йогурттар, газдалған ішімдіктер және тағы да басқа  тамақ өнімдері. Әдетте, «ФастФудтарды» дайындаған кезде азық-түлік сапасына  мән берілмейді. Мерзімімен  тамақтанбау денсаулыққа зиян келтіреді, тамақтанудың бұл түрі тиімсіз және оны өмір нормасы етуге болмайды, деп атап өтті С. Диқанбаева.

         Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының  деректері  бойынша, аурулардың 80% белгілі бір дәрежеде тамақтануға байланысты, ал дерттердің 40%  тамақтану факторына тікелей байланысты.

         Жыл сайын әлемде жедел дайындалған тағам түрлеріне, «ФастФудтың» агрессиялық жарнамасын пайдалануға қарсылық білдірген кең ауқымды наразылық акциялары өткізіледі. Наразылық акцияларын ұйымдастырушы қоғам белсенділерінің мақсаты -  жарқыраған жарнамалар жасырған шындықты, кеңқұлашты бизнес минут сайын біздің бәрімізге қарсы әрекет ететінін, олар үнемі миллиондаған сатып алушыларды алдап-арбап, денсаулығына зиянды азық-түліктерді еріксіз өткізетінін  қарапайым халық алдында әшкерелеп, батыл көрсету болып табылады. Ал  бизнестің мұндай әрекеттерінің нәтижесі бүгінгі күні  семіздіктен, жүрек қан-тамыр дерттерінен және басқа да денсаулықтың күрделі проблемаларынан  зардап шегетіндер болып отыр.

         Жиын барысында балалардың тамақтануына байланысты мәселелерге  басты назар аударылды. Өйткені балалық шақта денсаулықтың негізі қаланады, тамақтану және жалпы өмір салты стереотиптері қалыптасады. Білім беру мекемелерінде балалардың тамақтануын ұйымдастыруды талдау барысында едәуір олқылықтар анықталған. Қолданылып жатқан барлық шараларға қарамастан, мектептерде берілетін  тағамдар әртүрлі емес болып отыр. Рационда ет, сүт, сүт өнімдері, жұмыртқа, көкөністер мен жемістер жеткіліксіз, ұн және жарма өнімдері көбірек. Бірқатар мекемелерде ыстық тамақты буфет өнімдерімен алмастыру жалғасуда.

         Дөңгелек үстелдің соңында жиынға қатысушылар шешім шығарды. Оның ішінде мектептер сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз етілсін, чипсы, кириешка, шокаладты батондар жарнамаланбасын, шаурма, самса, бәліш, гамбургер және газдалған сусындар сатылатын орындар азайтылсын деген ұсыныстар қабылданды.