Фастфудтық жүйелерді оған қойылатын талаптарды күшейту арқылы ғана реттеуге болады - депутат М.Айсина
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгінгі күні тек Қарағанды, Алматы және Ақтөбе облыстары ғана 1 мен 4-ші сыныптар аралығындағы оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы бүгін Астанадағы «Бәйтерек» медиа-орталығында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баспасөз мәслихаты қазақстандықтардың тамақтану сапасына, оның ішінде бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту сондай-ақ, фастфудтарды жабу мәселесін заңнамалық түрде реттеу тақырыбына арналды.
М.Айсинаның сөзіне қарағанда, Қазақстанда сапалы тамақпен қамтамасыз ету заңнамалық тұрғыда өте қатаң реттелген, бірақ бар мәселе оның жүзеге асырылуы мен орындалуында. «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» ҚР Заңының 13-ші бабына сәйкес балалардың тамақтануы арнайы мақсаттағы өнімдерге жатады. Дейтұрғанмен, Қазақстанда әлі күнге дейін Балалардың тамағын дайындайтын комбинат жоқ. Барлығын сырт елдерден жеткіземіз. Бірақ не әкеліп жатқанымызды өзіміз де айта алмаймыз. Сондықтан біз қазір дені сау емес ұрпақ өсіріп отырмыз», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, мектеп жасындағы балаларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету мәселесін халық қалаулылары бірнеше мәрте көтерген. Нәтиже жоқ емес - бар. Бүгінгі күні республика бойынша барлық мектептердің асханаларынан жылдам дайындалатын тағамдар, яғни фасфудтар толығымен алынды. Сонымен бірге, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының жалпы білім беру мекемелері 1 мен 4-ші сынып аралығындағы оқушыларды, олардың әлеуметтік жағдайына байланыссыз толығымен ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл қатарға биылғы жаңа оқу жылында Астана қаласының мектептері де қосылмақ.
М.Айсинаның атап көрсетуінше, қалған аймақтарды балаларды ыстық тамақпен қамтуға заңнамалық тұрғыда мәжбүрлеу мүмкін емес. Себебі мәселе жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Сондай-ақ заңнамалық жүйеміз фастфуд өнімдерін дүкен сөрелерінен алып тастауға қатысты да шарасыз, себебі шағын және орта бизнесті қолдау саясаты алдан шығады. Депутаттың сөзіне қарағанда, фастфудтық жүйелерді оған қойылатын талаптарды күшейту арқылы ғана реттеуге болады.