Федерация кубогы: Лондондағы Ұлыбритания - Қазақстан матчында корт иелері алға шықты

Дүниежүзілік рейтингте 107-орында тұрған қазақстандық теннисші әлемнің 46-ракеткасы Йоханна Контамен күш сынасты.
Кездесуді сәтті бастаған З.Дияс бірінші партияны 6:4 есебімен ұтты.
Екінші сетте қарсыласы 5:1 есебімен алға кетті. Қазақстандық теннисші есепті қысқартқанымен, Конта күш бермеді - 6:3.
Үшінші, шешуші партияда бірінші геймде Зарина брейк-пойнтты пайдалана алмады. Есесіне ұлыбританиялық теннисші қос бірдей брейк жасады - 4:1. Бұдан кейін З.Дияс брейкпен есепті қысқартты - 2:4. Әйтсе де Конта тағы бір брейкке қол жеткізді - 5:2. Ақыры ол өзі доп бергенде, қателеспеді - 6:2.
Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 40 минутқа созылды.
Осылайша ұлыбританиялықтар 1:0 есебімен алға шықты.
Екінші кездесуде Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 86-орындағы Кэйти Бултермен кортқа шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың ел намысын қорғауды бақыт санайтынын және Ұлыбритания - Қазақстан матчын бастайтынын жазған болатынбыз.
Ал ерлер арасында Александр Бублик Мексикадағы турнирдің ширек финалына шыға алмай қалды.
Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко АҚШ-та Ориндж-Парк ITF турнирінің жартылай финалына шықты. Ол ширек финалда болгариялық Адриан Андреевті 7:6 (7:4), 6:3 есебімен ұтты. Бұл матч 2 сағат 44 минутқа созылды.
Д.Попко финалға шығу үшін доминикандық Хосе Оливареспен таласады.