Федерация кубогы: Зарина Дияс Қазақстан - Үндістан матчын жеңіспен бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық теннис орталығында Федерация кубогы үшін өтіп жатқан іріктеу турнирінде бүгін Қазақстан мен Үндістан командалары кездесуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы болып кортқа Қазақстанның екінші, әлемнің 96-ракеткасы Зарина Дияс пен дүниежүзілік рейтингте 211-орында тұрған Карман Каур Тханди шықты.

Ойынды тамашалауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, қазақстандық теннисшілерге қолдау білдірді.

Қазақстандық теннисші ойын тізгінін бірден қолына алып, 3:0 есебімен алға кетті. Содан кейін тағы бір брейк жасап, есепті 5:1-ге ұлғайтты. Дегенмен үндістандық теннисші де қалыспай, есепті қысқарта алды - 3:5. Зарина сетке доп бергенде, жағдай күрделеніп, Тханди 40:0 болып алда тұрды. Дегенмен қазақстандық теннисші жинақы өнер көрсетіп, партияны жеңіспен аяқтай білді - 6:3.

Екінші партияны Зарина Дияс брейкпен бастағанымен, оған Карман сондай жауап қайырды - 1:1. Тартысты өткен үшінші геймде қазақстандық спортшы тағы бір брейкке қол жеткізді - 2:1. Сосын өз геймін жібермеді - 3:1. Алтыншы геймде қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік берген жоқ - 4:2. Тағы бір брейк - 5:2. Сосын екінші матчболын сәтті пайдаланды - 6:2.

Бәсеке 1 сағат 21 минутқа созылды.

Осылайша З.Дияс Қазақстанды 1:0 есебімен алға шығарды.

Қос теннисшінің 2018 жылы жолдары тоқайласып, онда да Зарина екі партияда жеңген еді.

Бұдан кейін Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 165-сатыдағы Анкита Райнамен күш сынасады. Қазақстандықтардың «А» тобында жеңімпаз атанып, финалға шығуы үшін осы ойында ұтса, жетіп жатыр. Содан соң финалда «В» тобының (мұнда Қытай құрамасы алда келе жатыр) жеңімпазымен екінші Әлемдік топтың плей-офф кезеңіне берілетін жолдаманы сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының Таиландты жұптық бәсекеде де жеңіп, 3:0 есебімен ұтқанын, Михаил Кукушкиннің София турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар