Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Фельдшер Ұлдана Мырзуан өліміне қатысты алғашқы сот отырысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр күзде елордадағы тұрғын үйде кірпіш қаптамасы құлап, мерт болған Ұлдана Мырзуанға қатысты іс сотта қаралып жатыр. Жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, Пәтер иелері кооперативінің төрағасы айыпталушы ретінде жауапқа тартылып отыр.

Ұлдана Мырзуан
Фото: Видеодан алынған скрин

Аталған іс бойынша барлығы алты жәбірленуші бар. Олардың қатарында Ұлдана Мырзуанның анасы, сондай-ақ осы іске байланысты зардап шеккен өзге де жәбірленушілер бар.

— Тергеу аясында барлық мән-жай белгілі болды. Заңнамада мұндай әрекеттер үшін нақты жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты біз тергеу органдарының ұстанымымен келісеміз. Ал әрі қарай бұл мәселенің тағдырын сот шешеді. Бұл жерде себеп-салдарлық байланыс бар. Қазір бұл туралы толық ақпаратты жариялай алмаймыз. Барлығы сотта анық болады, — деді қорғаушы сот кулуарында тілшілерге берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, кондиционерге, үйдің қасбетіне қатысты бірқатар сараптама жүргізіліп, адам өліміне нақты не себеп болғаны анықталды. 

— Осыған байланысты тергеу барысында барлық жағдай дәлелденді деп есептейміз. Ал кінәлілердің жауапкершілігі сотта анықталады. Әзірге азаматтық талап-арыз берген жоқпыз. Бұған дейін де айтқанымыздай, сотталушылар осы уақытқа дейін адвокаттары да, өздері де кешірім сұрау немесе қандай да бір кездесу үшін бізге хабарласқан жоқ. Сондықтан әзірге біз ашықпыз, — дейді адвокат. 

Еске салайық, жедел жәрдем фельдшері 23 жасар Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 18 қарашада қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмды.

8 қарашада елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бәрі № 1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.

Мемлекет басшысы қаза тапқан фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Кейінірек Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын мәлімдеді.