Фермерлер агротехникалық талаптарды сақтауы керек – Премьер
«Жалпы, егіс жұмыстарының қарқыны жақсы екенін атап өтемін. Сондай-ақ, мына мәселелерге назар аударғым келеді.
Бірінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, фермерлердің агротехнологиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз етуі тиіс.
Екінші. Облыс әкімдері егіс алқаптарын арамшөптер мен зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын бақылауға алуы керек. Сонымен қатар өсімдіктерді қорғау жөніндегі іс-шаралар тізбесі мен субсидиялау нормативтерін бекіту керек», - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басышсының айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігіне дихандардан уәде етілген бидай көлемін «Азық-түлік корпорациясына» уақытылы жеткізуін қамтамасыз ету қажет.
«Облыс әкімдіктері «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясымен бірлесіп, жыл соңына дейін алқаптарды цифрландыру бойынша қажетті шараларды қабылдасын.
Ауыл шаруашылығы министрлігі егістік науқандарына байланысты туындайтын барлық мәселелерді шешу үшін Республикалық жедел штабтың тұрақты жұмысын қамтамасыз етсін», - деді Премьер-Министр.