Фермерлер «ҚазАгро» арқылы 224 мың аналық бас мал сатып алады деп жоспарлануда
Бұл туралы бүгін Астанада «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дулат Айтжанов Мал шаруашылығын дамыту саласындағы ахуалды зерделеу мақсатында өткен «Нұр Отан» ХДП Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық Кеңестің отырысында мәлім етті.
«Етті және тиімділігі жоғары ірі-қара мал басын көбейту мақсатында бес жыл ішінде фермерлік шаруашылықтар «ҚазАгро» арқылы 224 мың аналық бас мал сатып алады жоспарлануда. Осы мақсатта «Сыбаға» атты жеңілдікпен несиелендірудің арнайы бағдарламасы жасалды. 2011 жылы жоспар бойынша 40 мыңға тарта мал басы сатып алынады деп күтілгенімен, ол көрсеткіш 55 мыңнан асып кетті. Биыл 50 мыңнан астам мал басы сатып алынды. Сонымен қатар холдинг отандық шаруашылықтарда асыл тұқымды мал басын арттыру мақсатында шетелден асыл тұқымды малды сатып алу бойынша жұмыстарды атқарып келеді. 2011 жылы 13 мыңнан астам асыл тұқымды мал шет елден сатып алынған. Ағымдағы жылы 7,7 мың мал әкелінген. Тағы 10 мыңын сатып алу жоспарда бар», - дейді Д. Айтжанов.
«ҚазАгро» басшысының айтуынша, холдинг ашылғалы компания топтарының активі 2,8 есе, жеке капитал - 3 есе, табыс - 2,5 есе өскен. Соңғы бес жылда холдинг Қазақстанның агроөнеркәсіп саласына 1 триллион теңгеден астам қаржы құйған, оның 21 пайызы республикалық бюджет қаржысы болса, 79 пайызы жеке капитал немесе ішкі инвестициялардың үлесі. Қазіргі уақытта холдингтің инвестициялық қоржынында 196 миллиард теңге болатын 254 жоба бар. Холдинг агроөнеркәсіптік салаға салынған қаржының жалпы кредиттік үлесінен 47 пайызды иемденіп отыр.