Фермерлер субсидия ақшасын «жеп» қоймас үшін не істеу керек
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Отандық ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы жемқорлық, бюджет қаражатын ұрлау — ұлттық экономиканың өсуіне тежеу. Үкімет 2025 жылдан бастап субсидия тәртібі өзгеретіні туралы мәлім еткен. Жаңашылдықтың бірі ауыл шаруашылығы техникасына бөлінген несиенің пайызын субсидиялау талаптарына қатысты.
Соңғы уақытта ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау бойынша жемқорлық тәуекелдері азаймай тұр. Бұған дейін жазғанымыздай, Павлодар облысында агроөнеркәсіп кешені бойынша мемлекетке 500 млн теңге шығын келген.
Өңірлік прокуратурадан мәлім еткендей, кейбір жағдайларда ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу туралы есеп беру ақпараты бұрмаланады. Іс жүзінде субсидия процесі тек формалды түрде өтінім қабылдап, бюджет қаражатын бөлуден тұрады.
Мысалы, екі ауылшаруашылығы тауарын өндіруші заңсыз баю үшін жалпы сомасы 132 млн теңгеге техника сатып алуға субсидия алып, кейіннен басқа мақсатқа жұмсаған.
Мәжіліс депутаты, аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі Нұржан Әшімбетовтің пікірінше, агросекторды қаржыландыруға қатысты мәселе субсидияға бөлінетін қаражаттың бақыланбауынан туындап отыр.
— Отандық фермерлерді заманға сай техникамен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырған «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ, «Даму» қоры және өзге де қаржылық ұйымдардың субсидияны бақылау бойынша тетіктері жасалмаған. Техниканы несиеге немесе лизингке береді де, мемлекеттен бөлінетін бюджет қаражатының нысанаға жетуін қадағаламайды. Осының салдарынан қаншама фермер несиені субсидиялау кезіндегі қаражатты өзге мақсатқа жұмсап келді. Негізінен субсидия техникаға ғана емес, минералды тыңайтқыш пен гербицидтер, тұқым мен су сатып алуға да бөлінеді. Биыл агросекторды субсидиялауға 450 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл — өте көп қаражат. Алдағы жылдары бұл сома одан сайын еселене түсетіні анық, — дейді депутат.
Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, Үкімет ұсынып отырған жаңа тәртіп бойынша 2025 жылдан бастап субсидия қаражаты шаруаның қатысуынсыз тікелей қарыз берушіге түседі.
Яғни, жергілікті әкімдіктер мен жауапты басқарма барлық ресімдеулерді өздері жүргізіп, шаруа тек қол қояды. Атқарушы билік субсидияның ресімделген сәтінен төленгенге дейінді үдерісін электронды құжат айналымы арқылы бақылап отыра алады.
Ал Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл егін шаруашылығын қолдауға 7,5 млрд теңге бөлінген. Қаражаттың көп бөлігі тұқым шаруашылықтарын қолдау мен минералды тыңайтқыш бағасын арзандатуға жұмсалған.
Дейтұрғанмен аталған қаражат жергілікті фермерлер үшін аз болып шыққан. Басқарма облыс әкімінен шаруалар үшін қосымша 3,9 млрд теңге қаражат бөлуді сұрап отыр.
Шаруалар заманға сай ауыл шаруашылық техникасы мен құрал-жабдық сатып алуы үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің қаржылық ұйымдары 26,4 млрд теңгеге, «ҚазАгроҚаржы» 16 млрд теңгеге қаржыландырған.
Нәтижесінде облыс фермерлері жаңадан 1 мыңға жуық техника мен түрлі жабдықтар сатып алған.
Еске сала кетейік, кеше ғана Алматы облысында жалған кооператив құрып, 1,2 млрд теңге субсидияны жымқырды деген айыппен танымал фермер Алмасбек Садырбай ұсталған еді.