Фермерлерден астықты тікелей сатып алу қалай іске асып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерден астықты тікелей сатып алу жұмыстарына түсінік берді.

- 2024 жылғы желтоқсанда Азық-түлік корпорациясы тікелей сатып алу бағдарламасы аясында фермерлік шаруашылықтардан 52 мың тонна астық сатып алды. Осы мақсаттарға мемлекеттік оператор өз резервінен 3,4 млрд теңге бөлді. Бастапқыда астық артығын тікелей сатып алуға мемлекеттік бюджеттен 10 млрд теңге бағыттау жоспарланған болатын. Азық-түлік корпорациясы бөлген қаражатты ескергенде, бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 13,4 млрд теңгені құрайды. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінен 200 мың тоннадан астам астық сатып алуға мүмкіндік береді, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
2025 жылғы 10 қаңтардағы деректер бойынша аграршылар Азық-түлік корпорациясының өңірлік бөлімшелеріне 152,3 мың тонна бидай мен арпа жеткізуге өтінім берген.
- Астықтың қалған көлемін қабылдау және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне төлем жасау мемлекеттік операторға қаражат бөлінгеннен кейін дереу жалғастырылады, - деп нақтылады ведомство.
Еске салсақ, былтыр Қазақстанда рекордтық көлемде астық жиналды.
Атап айтқанда, Президент Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырды.
2024 жылы күзде еліміздегі фермерлерден 1 млн тонна астықты тікелей сатып алу жоспарланып отырғаны айтылды.