Фермерлерден астықты тікелей сатып алуға қосымша 75 млрд теңге бөлінеді
АСТАНА. KAZINFORM – Фермерлерден астықты тікелей сатып алуға қосымша 75 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің жауабында айтылған.

— Астық нарығына реттеушілік ықпал көрсету мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ (Азық-түлік корпорациясы) фермерлерден астық сату бойынша шаралар қабылдап жатыр. Биылғы форвардтық келісімшарттар бойынша, сонымен қатар өткен жылғы мерзімін ұзартуды ескере отырып, Азық-түлік корпорациясы 1,2 млн тонна астық сатып алады. Қазіргі уақытта элеваторларға 705 мың тонна астық немесе 59 пайызы түсті, — деді вице-премьер жауабында.
Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмасын орындау аясында Азық-түлік корпорациясы жаңа өнімнің астығын фермерлерден тікелей сатып алады.
— Бірінші кезеңде Үкімет резервінің 10 млрд теңге мөлшеріндегі қаражаты есебінен нарықтық бағамен 150 мың тонна өнім сатып алынады. Жалып, бұл мақсатқа қосымша 75 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ бұл мәселесі осы жылдың 19 қарашасында Үкімет отырысында қаралды», — деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, Үкімет басшысы орынбасарының жауабына қосымша берілген ақпаратқа сәйкес, 3-сыныпты бидай — 75 000-90 000 теңге, 4-сыныпты бидай — 55 000-65 000 теңге, 5-сыныпты бидай — 50 000 теңге, 2-сыныпты арпа — 50 000 теңге.
Бұған дейін астық экспорттайтын шаруаларға субсидия берілетіндігін жазған едік.