Фермерлердің өнімін форвардтық механизммен сатып алуға 24,5 млрд теңге жұмсалады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында форвардтық сатып алу механизмі мақұлданған. Оған бюджеттен бөлінген қаражат мөлшері – 24,5 млрд теңге. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кең дала» несие бағдарламасы бойынша 2346 өнеркәсіп субъектісіне қолдау көрсетілді. Қолдаумен қамтылған жалпы егістік алқап – 3 миллион гектардан астам. Бұл жерде жұмыс жүріп жатыр. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінді. Бұл несиені алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі - жылына 6%-дан аспайды. Қаражат 12 айға беріледі. Мысалы, қазір сәуір айын алатын болсақ, ендігі сәуір айына дейін қайтаруға болады. Бұрын сәуір айында алса, сол жылдың желтоқсан айына дейін қайтару талап етілетін», - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.
Ол аталған бағдарлама қаражатын «Аграрлық несие корпорациясы» және несие серіктестері арқылы, оның ішінде банктің кепілдігімен алуға болатынын айтты.
«Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында форвардтық сатып алу механизмі мақұлданды. Оған бюджеттен бөлінген қаражат мөлшері – 24,5 млрд теңге. Қаржыландыру алдын ала төлем жасау арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, бидай бойынша алдын ала төлем - 1 тонна бидайға алдымен 50 мың теңге төленеді, одан кейін күзге қарай нарыққа байланысты сол бағамен қосымша төлем есептеледі», - дейді ол.