Фермерлердің жол талғамайтын көлігін салықтан босату - дұрыс емес – Ержан Біржанов

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов фермерлердің жол талғамайтын бір көлігін салықтан босату бастамасын қолдамайтынын айтты. 

Фермерлердің жол талғамайтын көлігін салықтан босату  - дұрыс емес – Ержан Біржанов
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин ауылдағы фермерлердің жол талғамайтын бір көлігін салықтан босатуды ұсынды

Өз кезегінде Ержан Біржанов бұл ұсыныспен келіспейтінін мәлім етті.

— Менің ойымша, осындай жеңілдік беру дұрыс емес. Себебі фермердің бір көлігін салықтан босатсақ, қалада жүздеген жұмыс орнын беріп отырған кәсіпкерге де жеңілдік жасау керек болады. Сондықтан оны дискриминациялық норма ретінде санауы мүмкін. Мәселен, фермерге де, кәсіпкерге де осы автокөлік керек. Бұл ретте, біріне жеңілдік жасап, басқасына салық салу — дұрыс емес, — деді Ержан Біржанов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Вице-министрдің айтуынша, қазір фермерлердің көбі жаңа әрі қозғалтқыш көлемі жоғары жол талғамайтын автокөліктер сатып алып жатыр.

— Бұл жаңа көліктерді салықтан босату — басқа адамдардың алдында әділ болмайды. Ал ескі көліктерге тоқталсақ, пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан жол талғамайтын (жоғары салық төлейтін) көліктер үшін салықтың жартысын төлейтіндей түзетулер (жаңа Салық кодексінің жобасы) енгізіп отырмыз. Ал 10 жылдан асқан автокөліктерге салық 30 пайызға азаяды. Фермердің барлығын жол талғамайтын бір көлігіне салықтан босатуды дұрыс емес деп санаймын, — деді Ержан Біржанов.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл ұсынысты пысықтауға болатынын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар