Фермерлерге берген субсидияның қайтарымы мардымсыз — Ерлан Қошанов
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан субсидиялардың экономикалық қайтарымы мардымсыз екенін сынады.
Мәжіліс депутаттары Жоғары аудиторлық палатаның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлініп жатқан субсидиялардың тиімділігі туралы аудит қорытындысы туралы қаулыны қабылдады. Дауыс беру рәсімінен кейін сөз алған Ерлан Қошанов субсидия мәселесі дауыс берушілер тарапынан депутаттардың алдына жиі қойылатынын айтты.
— Бүгінде агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келе жатыр. Тек кейінгі 5 жылдың өзінде саланы субсидиялауға 2 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл, әрине, жақсы көмек. Бірақ осы қаржыны игеру, мемлекеттік қолдау көрсету кезінде проблемалық мәселелер туындап жатады. Депутаттардың аймақтарға сапары барысында осы мәселелер жиі көтеріледі. Әріптестер, әлі күнге дейін ауыл шаруашылығындағы негізгі қаражат көзі — мемлекеттік субсидия екенін мойындауымыз керек. Сол арқылы салада оң өзгерістер орын алып жатыр. Бірақ цифрларға сүйенер болсақ, субсидиялардың нәтижесі, экономикаға қайтарымы әзірге жеткіліксіз, — деді ол.
Спикердің сөзінше, саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 14 жыл ішінде 4-5%-дан аспай отыр.
— Салынған әрбір субсидияның, әрбір теңгенің экономикаға әсері айтарлықтай байқалмайды. Мысалы, мал шаруашылығы мен егіншілік көрсеткіштеріне, азық-түліктің қолжетімділігі мен бағасына әсер етіп жатқаны әлі де сезілмейді. Бұл — ұзақ жылдан бері қордаланған мәселелер. Субсидиялар фермерлердің шығынын өтеуге ғана емес, тұтастай ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталуы керек. Ауыл шаруашылығына үлкен серпін әкелу үшін бірінші кезекте, ғылымды дамытуымыз керек, — деді палата төрағасы.
Айта кетейік, осыған дейін Ерлан Қошанов Қазақстан ҰҚШҰ-ның халықаралық ұйымдармен байланысын нығайтуға ерекше көңіл бөлгенін атап өтті.