Ferrari басшысы қоғамдық жұмысқа тартылады
АСТАНА. KAZINFORM — Ferrari компаниясының басшысы Джон Элканн әжесінен мұра ретінде үлкен қаражат алған. Алайда ол осы мұраға байланысты Италияға салық төлемеген. Бұл үшін билікпен дауға тап болды. Ақыры ол мемлекетпен келісімге келіп, ірі көлемде салық төлеуге және қоғамдық жұмыс істеуге міндеттелді.
Италиялық прокурорлар Элканн отбасына тиесілі активтер бойынша шамамен 1 миллиард еуро және табыстан 248,5 миллион еуро салықтан жалтаруға әрекет жасалғанын анықтаған. Отбасы Джон Элканнның әжесін Швейцарияның салық төлеушісі ретінде көрсетіп, Италияда салық төлемеуді көздеген.
Алайда бұл жоспар іске аспады. Енді отбасы Италияның салық органдарына 183 миллион еуро төлеуі тиіс. Ал Джон Элканн бір жыл бойы қоғамдық жұмыстарға тартылып, еңбек етуге міндеттелді. Оның бауыры мен қарындасы тек айыппұл төлеумен шектелген.
Джон Элканн — әйгілі Джанни Аньеллидің немересі. Джанни Аньелли шағын кәсіпорыннан басталған Fiat компаниясын алып өнеркәсіптік алпауытқа айналдырған. Элканн отбасы қазіргі таңда Ferrari, Stellantis, Juventus және басқа да компанияларға иелік етеді.
Шетелдік басылымдар хабарлағандай, енді Ferrari президенті және тең иесі Джон Элканн қоғамдық жұмыс аясында аула сыпырушы, тазалықшы немесе қарттар үйінде көмекші қызметтерін атқаруы мүмкін.
Осыған дейін америкалық актриса Анджелина Джоли қараша айында 1958 жылы шығарылған Ferrari 250 GT көлігін аукционға қоятыны хабарланды.