Фейсбукте әйелінің босанғанын таратқан америкалық авторлық құқық бойынша сотта жеңілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот Калифорния тұрғыны Кали Канонгатаның Facebook Live тікелей эфирінде әйелінің босанған видеосының кадрларын қолданған телеарналар мен сайттарға қарсы талап арызын қанағаттандырмады. Сот талапкерге $120 000 көлемінде сот шығынын өтеуге міндеттеді. Бұл туралы Ars Technica хабарлады.
2016 жылдың мамыр айында Канонгата 45 минут бойы әйелі Сара Доунның ұлын босанып жатқан сәтін тікелей эфирге түсірген. Бір тәулікте оның таспасын 180 мыңнан астам қолданушы тамашалаған, ал бірнеше телеарна бұл туралы сюжет түсірген. Канонгата NBC және ABC телеарналарын таңертеңгілік шоуларда қолданғаны үшін сотқа берген. Сондай-ақ, Yahoo компаниясы мен COED Media Group университеттік жаңалықтар агенттігінің үстінен өз сайттарында тікелей эфирдің қысқаша үзінділерін жариялағаны үшін шағым түсірген. Ол журналистерге авторлық құқықтың бұзылғанын мәлім еткен.
2017 жылдың ақпанында судья Льюис Каплан бұл компаниялардың вирустық видеоны қолдануға толық құқылы екендігі туралы үкім шығарған. Себебі, талап қоюшы мыңдаған аудиториясы бар әлеуметтік желіге өз еркімен видеоны салған.
Енді судья төрт компанияның сот шығындарын өтеу үшін оған $120 000 төлеуге міндеттеді.