Фейсбуктің Like батырмасы көңіл-күйді білдіретіндей етіп өзгертілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Facebook әлеуметтік желісі Like батырмасының қызметін кеңейтуге кірісті. Ұнатудан басқа, пайдаланушылар оны басу арқылы алдағы уақытта махаббатты, күлгенді, көңілсіздікті және ашулануды білдіре алады. Өзгеріс компьютермен ашылатын сайт нұсқасында, мобильдік нұсқада және қосымшада іске қосылды.
Facebook-тегі жазбаның астына көңіл күйді білдіретін смайликті қалдыру үшін «Маған ұнайды» батырмасына басып, сәл күтсеңіз жеткілікті. Мобильдік қосымшада Like батырмасын басқаннан кейін, экранда 5 қосымша эмоцияны таңдауға болады.
Өткен жылдың күзінде Facebook бұл өзгерісті Испания мен Ирландияның пайдаланушылары арқылы сынады. Онда смайликтер көпшілікке ұнаған еді. Соның арқасында бұл жаңалықты әлеуметтік желі өз қолданушыларының баршасына тезірек ұсынып отыр.