13:13, 15 Тамыз 2015 | GMT +5
Fiat Chrysler 85 мыңнан астам көлігін кері қайтарып алуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Fiat Chrysler компаниясы бүкіл әлемге тарап кеткен Chrysler 200 маркалы 85 мыңнан астам көлігін электроникасындағы ақауына байланысты кері қайтарып алуда, деп хабарлады шетелдік БАҚ.
Айта кетерлігі, тек 2015 жылы шығарылған көліктер ғана кейін қайтарылып алынады. Олардың басым бөлігі АҚШ-та сатылғаны белгілі. Компания өкілінің айтуынша, электр тізбегін біріктіретін және ажырататын механикалық құрылғыдағы ақау көлік құрастырылғаннан кейінгі сынақ барысында анықталған.
Ассошиэйтед пресс агенттігінің нақтылай түсуінше, мұндай ақауы бар көлік қозғалтқышы жүріп келе жатқан кезде өшіп қалуы немесе қозғалтқыш қорабы тосыннан ажырап қалуы мүмкін.
Fiat Chrysler компаниясы өкілдерінің мәліметінше, мұндай ақауы бар көліктердің жол үстінде бұзылуы салдарынан орын алған жол-көлік апаты жайында еш ақпарат түспеген.