Фидель Кастро Нобельдік бейбітшілік сыйлығын Эво Моралеске беруге шақырды

АСТАНА.  Қазанның   17-сі. ҚазАқпарат -   АҚШ Президенті Барак Обама сияқты,   Боливия  Президенті Эво Моралес    те Нобельдік бейбітшілік сыйлығына лайықты,    деп   мәлім етті     Куба көсемі    Фидель  Кастро    жұма күні    ел басылымдарында   жариялаған   мақаласында.

Фидель  Кастро   Нобельдік  бейбітшілік  сыйлығын   Эво Моралеске  беруге  шақырды

Бұл туралы «РИА  «Новости» агенттігі  хабарлады.

«Егер Нобельдік сыйлық  Обамаға,  ол  афроамерикандық бола  отырып,    нәсілшілдік   қоғамда     президент болғаны  үшін    берілсе,  онда Эво  Моралес  те,  байырғы  тұрғылықты халықтың   өкілі  болғандықтан,     өз  елінде болған сайлауда  жеңіске   жеткені  үшін және   берген   уәделерін орындағаны  үшін  Нобельдік сыйлыққа лайықты», деп  жазады  Кастро.

 Кастро бұған дейін  мақалаларының бірінде  Нобельдік  бейбітшілік сыйлығының Обамаға  берілуін «позитивті  шара»   деп  атаған болатын.  «Сыйлықтың өзіне  қандай жағдайда беріліп отырғанын  түсінуге   Обаманың  ақылы  жетіп  отыр   және   ол    Нобельдік сыйлықты аванспен  алып отырғанын  да  біледі», деп  жазады Кастро.

 Моралестің   басшылығымен  Боливияның сауатсыздықты  жеңгенін,   елде   миллиондаған  адамға  тегін   медициналық көмек көрсетіліп  отырғанын,  ал   биліктің  әлеуметтік  бағдарламаларды табысты  жүзеге асырып  жатқанын  еске  салған  Кастро,  «Нобельдік бейбітшілік сыйлығын   Моралеске  неге  бермеске?»  деп  сауал   қояды.

 «Оның  бір  үлкен  кемшілігі  бар: ол  АҚШ Президенті емес», - деп түйіндейді  өз  мақаласын Куба  революциясының  көсемі    мысқылмен.