ФИФА: 2022 жылы Әлем чемпионаты жазда емес, қыста өтуі ықтимал
АСТАНА. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - Катарда өтетін футболдан Әлем чемпионаты 2022 жылдың 15 қараша мен 15 қаңтар аралығында өтуі бек мүмкін. Бұл туралы Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясының (ФИФА) Бас хатшысы Жером Вальке мәлім етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
Катардағы Әлем чемпионатының өтетін уақыты өзгеруі мүмкін деген ақпаратты бұдан бұрын көптеген футбол қайраткерлері айтқан болатын. Соның ішінде ФИФА президенті Йозеф Блаттер да бар. Біріншіліктің мерзімін шегеру жөніндегі әңгімеге негізінен жазғы мерзімдердегі Катар елінде болатын аптап ыстық себепкер болып отыр. Мұнда жаз айларында Целсий бойынша плюс 50 градусқа дейін ысиды.
«Катарда футбол ойнауға нағыз сай келетін мерзім - 15 қарашадан қаңтар айының соңына дейінгі аралық», - дейді Жером Вальке.
Турнирдің уақытына қатысты соңғы шешім 2014 жылдың желтоқсан айында атқарушы комитеттің отырысында қабылданбақ.