ФИФА ӘЧ-2022 қысқы кезеңге ауыстырғаны үшін өтемақы төлемейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ФИФА бас хатшысы Жером Вальке футбол федерациялары мен клубтары Катардағы әлем чемпионаты жазда емес, қыста өткізілетін болса, ақшалай өтемақы алмайтынын хабарлады, деп жазады Би-Би-Си.
«Ешқандай өтемақы болмайды, себебі оған әлі жеті жыл бар», - деді Вальке.
Кейбір футбол клубтары ФИФА-дан жарыстың үйреншікті күнтізбесінің өзгеруіне байланысты ықтимал шығындар үшін ақша талап ету ниетін мәлімдеген. Олардың ішінде мюнхендік «Бавария» президенті Карл-Хайнц Румменигге де бар.
Айта кетейік, жұмыс тобы ФИФА-ға Катарда жазғы кезеңде қатты ыстық болуына байланысты ӘЧ-2022-ні қараша-желтоқсанға ауыстыруын ұсынған болатын.