ФИФА ӘЧ-2022-ні Катарда қараша немесе желтоқсан айларының бірінде өткізбек
АСТАНА. ҚазАқпарат - ФИФА президенті Йозеф Блаттер 2022 жылғы футболдан әлем чемпионаты Катарда қарашада немесе желтоқсанда өтуі тиіс деген пікірін білдірді, деп хабарлады РБК.
Оның айтуынша, жазғы уақытта қатты ыстық қатысушыларға жайсыздық тудыруы мүмкін.
«Катарда жазғы уақытта ойын өткізу мүмкін емес. Жыл аяғы, қараша-желтоқсан айлары ыңғайлы болады», - деді Блаттер.
Еске салсақ, бұдан бұрын ӘЧ қаңтарға немесе ақпанға ауыстырылады деп болжанған.
ӘЧ-2022-ні қысқы мезгілге ауыстыруға Еуропа чемпионатының өкілдері, атап айтқанда ағылшын премьер-лигасы қарсы шықты. Кейбір еуропалық шенеуніктер әлем чемпионаты салдарынан ұлттық біріншілік бір айдан астам уақытқа кешіктірілетініне келіспеді.
Турнир өткізетін елді таңдаған уақытта катарлық өкілдер ең заманауи стадион салып қана қоймай, қуатты салқындататын қондырғы орнатамыз деп уәде берген. Сайлаудан кейін-ақ оның мүмкін еместігі айтылып, бұл шешім сынға түсті.
Аптап ыстықтан бөлек, Катарда әлем чемпионатын ұйымдастырушылар басқа да проблемалармен бетпе-бет келген. Мәселен, олар стадион салу кезінде мигранттарды заңсыз жұмысқа тартқандығы, нысандарда қаза тапқандар мен зардап шеккендердің көптігі үшін айыпталып отыр.
Бұдан басқа, катарлық өтінім сыбайлас жемқорлық және ФИФА атқарушы комитеті мүшелерін параға жығу тұрғысынан тергелуде. Алайда Халықаралық футбол федерациясы бұл тергеудің нәтижесі құпия күйінде қалатынын мәлімдеді.