FIFA футболды дамытуға 6,35 млрд доллар бөлуді жоспарлап отыр
АСТАНА.KAZINFORM — Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) футболды дамытуға бөлінетін қаржыны арттырып, алдағы төрт жылдық кезеңде ұлттық қауымдастықтардың әрқайсысына 25 млн доллардан беруді көздеп отыр. Бағдарламаның жалпы бюджеті 6,35 млрд долларға жетуі мүмкін, деп хабарлайды AP.
Ұсынысқа сәйкес, FIFA-ға мүше 211 ұлттық қауымдастықтың әрқайсысына 4 жыл ішінде бөлінетін қаржы көлемі бастапқы жоспардағы 10 млн доллардан 25 млн долларға дейін ұлғаяды.
FIFA президенті Джанни Инфантино алты құрлықтық футбол конфедерациясының басшыларына хат жолдаған. Ұйымның кеңесі бағдарламаның түпкілікті нұсқасын желтоқсан айында әзірлеуді жоспарлап отыр. Ал оны наурызда өтетін FIFA конгресінде бекітуі мүмкін.
Федерация әлем чемпионатынан түсетін табыстың бір бөлігін ұлттық қауымдастықтар мен құрлықтық конфедерацияларда футболды дамытуға бағыттамақ. Қаржының 3,5 млрд доллардан астамын FIFA резервінен бөлу көзделген. Бұл қор 2026 жылғы әлем чемпионатында 48 ұлттық құрама бақ сынайтынына байланысты күтіліп отырған қаржылық табыстың арқасында ұлғайған.
FIFA-ның болжамынша, 2022–2026 жылдарды қамтитын төрт жылдық кезеңдегі жалпы табыс шамамен 15 млрд долларға жетеді. Бұл кезеңге АҚШ, Канада және Мексикада өтетін әлем чемпионаты да кіреді. Табыс көлемі ұйымның бұрынғы болжамдарынан едәуір жоғары.
Әзірге ұсыныс ресми түрде бекітілген жоқ. Қаржының нақты көлемі мен оны бөлу тәртібін ұйымның басшылығы шешеді.
Бұған дейін FIFA Қазақстанда балалар футболын дамытуға 250 000 доллар бөлетіні туралы жазған болатынбыз.
Айта кетейік, Моңғолияда FIFA қолдауымен жаңа стадион салынбақ.