FIGHT NIGHTS GLOBAL 65 Астанада 3 чемпион белдігін ойнатады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кештің ең маңызды оқиғасы ретінде тордың қожайыны Жалғас Жұмағұлов пен Краснодар күрескері Вартан Асатрян арасындағы ең аз салмақ категориясындағы (57.2 кг) жекпе-жек болмақ.

 FIGHT NIGHTS GLOBAL 65 Астанада 3 чемпион белдігін ойнатады

FIGHT NIGHTS GLOBAL 65 дәрежелі кездесуде өз өнерін көрсетуге мүмкіндік алу үшін самбо күресі бойынша Ресей чемпионы Артур Багаутиновпен шайқасу керек еді.

Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың  31-ші наурызында Мәскеу қаласында аралас жекпе-жектен халықаралық FN GLOBAL 62 турнирі өткен болатын. Бұл жарыста қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов Гран-придің жартылай финалында ресейлік Артур Багаутиновпен күш сынасып, қарсыласын нокаутпен жеңді.

Жалғас Жұмағұловпен шайқас алаңында кездесуден бұрын жеңіліп көрмеген дағыстандық күрескер шын мәнісінде фаворит болатын. Бірақ қандасымыз «Жако», яғни Жалғас Жұмағұлов қаһарлы қарсыласын екінші раундта нокаутқа түсіріп, жұртты таң қалдырды. 

Өз кезегінде Вартан Асатрян FIGHT NIGHTS GLOBAL ұйымының дебютында тәжірибелі  күрескер және грепплинг шебері Микаэль Силандердан асып түскен болатын.  Ол одан кейінгі «Жауынгер» шайқасында да Әзірбайжан өкілі Эльнар Ибрагимовтан үстем болып, жекпе-жекте  мерзімінен бұрын жеңіп шықты.  Бұл жеңіс Асатрянға чемпиондар жекпе-жегінің қатысушысы мәртебесіне ие болуға жағдай туғызды. Алайда біздің Жалғасқа бұл кездесу төрт жыл бұрыңғы жеңілісі үшін Вартаннан  кек қайтаруға ерекше мүмкіндік. 

Кештің маңызды жекпе-жектерінің бірінде орта салмақтағы (77.1 кг)  чемпион атағы үшін таласта Қазақстан жалауын көтерген  Георгий Кичигин мен Ресей спортшысы Гаджимурад Хирамагомедов бетпе-бет кездеседі.

Айта кетейік, Георгий Кичигиннің өткен жылдың соңында-ақ FIGHT NIGHTS GLOBAL чемпионы атануға мүмкіндігі бар болатын, бірақ оның қарсыласы Магомед Нуров осы салмақ категориясының шеңберіне кіре алмай, жекпе-жек кейінге қалдырылды.

Өз кезегінде отандасымыздың қарсыласы аралас жекпе-жек бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанған Гаджимурад Хирамагомедов ресейлік Ирий Изотов пен грузиялық Гиорги Лобжанидзені нық сеніммен жеңіп шықты. Бұл жетістігі оған басқа қарсыластары арасынан озып шығып,  дәреже үшін жекпе-жекте өзін-өзі көрсету құқығын иемденуге мүмкіндік берді.

19 мамыр күні аралас жекпе-жек жанкүйерлері бұл ұйымның алғаш чемпионының есімін естіп, сонымен қатар 83.9 кг салмақ категориясындағы жеңімпазды біледі. Дәреже үшін жекпе-жек Eagles клубының мүшесі  Абусупиян Алиханов пен «Крепость» клубынан шыққан Халид Муртазалиев арасындағы  өзіндік дағыстандық құнан жарысы сияқты болғалы жатыр.

Екі күрескер де бірін-бірі  өз отанындағы жаттықпа-машықтану жиынының арқасында ғана біліп танымайды, сонымен қатар Абусупиян мен Халид  FIGHT NIGHTS GLOBAL командалық чемпионатының финалында өзара күш сынасқан болатын.  Сол кеште бақ өз клубына чемпион атағын алып берген Алихановқа бұйырған екен. Eagles күрескері сол баяғы жетісітгін қайталай алар ме екен, әлде Халид жеке мансабындағы жалғыз жеңілісі үшін кегін қайтарады ме екен, оны көрермендер Қазақстандағы турнир аяқталған соң білетін болады.

Кеш бағдарламасында FIGHT NIGHTS GLOBAL ұйымының мықты күрескерлерінің қатысуымен бар-жоғы 10 жекпе-жек өтеді. 

Айта кетейік, FIGHT NIGHTS GLOBAL - Ресейдің  ең ірі насихаттау компаниясы. Ол  әлемдік жұлдыздардың қатысуымен аралас жекпе-жек бойынша турнирлер өткізеді. Компанияның алғашқы шарасы  2010 жылдың маусым айында Мәскеу қаласында өтті.