«Fight Рromotions» президентi: Дәурен Елеусiновке кәсiпқой бокста қарқын алу үшiн көп уақыт қажет емес
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрамына 28 жастағы қазақстандық боксшы Дәурен Елеусiнов кiретiн «Fight Promotions» промоутерлiк компаниясының президентi Макс Альперович AllFight.ru сайтына берген сұхбатында компаниядағы боксшылар туралы ойларымен бөлiсті, деп жазады boxingnews.kz.
«Fight Promotions» компаниясының құрамында ТМД елдерiнен көптеген боксшылар бар. Олардың қатарында Евгений Хитров, Сергей Деревянченко, Иван Голуб сынды боксшылардың есiмi белгiлi. Олардың деңгейiн қалай бағалар едiңiз? Оларды әлемдiк титулдарға таласар сәтiн қашан көре аламыз?
«Бiздiң команданың құрамында сiз атаған украиналық боксшылармен қатар, белорус Иван Баранчик пен қазақ Дәурен Елеусiнов бар. Әрине, оларда әуесқой бокс мектебi әртүрлi, ендi кәсiпқой бокста да өздерiне тән стильде өнер көрсетуде. Бiрақ олардың барлығында да чемпион атануға қажеттi қасиеттер жетiп артылады. Олай болмағанда, бiз оларды командаға алмас едiк. Хитров пен Деревянченкода тәжiрибе көбiрек, сондықтан олар титулдық кездесулерге жақын болашақта қатыса алады. Баранчик пен Елеусiнов кәсiпқой боксқа ендi ғана келдi, алайда оларға кәсiпқой бокста қарқын алу үшiн көп уақыт қажет те емес. Әсiресе қазаққа. Оның әуесқой бокс мектебi өте жақсы», - дейдi компания басшысы.