Филиппинде әскерилер британдық пен оның жұбайын содырлар тұтқынынан босатты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Филиппин әскері арнайы мақсаттағы әскерінің сарбаздары «Абу Сайяф» тобының содырларымен қақтығысу нәтижесінде бір ай бұрын ұрланған британдық азамат пен оның жұбайын босатты. Бұл туралы бүгін, дүйсенбіде Inquirer газеті хабарлады.
«Олардың денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - деді Батыс Минданао әскери округы қолбасшылығының өкілі. Сондай-ақ, ол тұтқындағылардың Филиппиннің оңтүстік-батысында Сулу провинциясында үш күн бойы жүргізілген операциясының нәтижесінде босатылғанын атап өтті. Оның барысында «Абу Сайяф» жеті содырының көзі жойылған және тағы жеті адам жарақат алған.
Британ азаматы Аллан Хайронс пен оның жұбайы 4 қазанда Минданао аралында Оңтүстік Замбоанга провинциясында ұрланған.