Филиппинде Корасан Акиноның қазасына байланысты аза тұту жарияланды
АСТАНА. Тамыздың 1-і. ҚазАқпарат - Филиппин Президенті Глория Макапагал Арройо ханым елдің бұрынғы басшысы Корасон Акиноның дүниеден өтуіне байланысты елде 7 күндік аза тұту жариялады. Бұл туралы бүгін Президент сарайының баспасөз хатшысы Серж Ремонде хабарлады.
76 жастағы Корасон Акино ханым бүгін түнде Маниладағы «Макати» ауруханасында көз жұмды. Ол қатерлі ісіктен қайтыс болды.
Корасон Акино күйеуі, филиппин оппозициясының жетекшісі Бениньо Акино 1983 жылы атып өлтірілгеннен кейін саясатқа келген болатын. Оппозициядағылар Бениньо Акино диктатор Фернандо Маркостың бұйрығымен атып өлтірілді деп санайды. Бениньо Акино қуғында жүрген АҚШ-тан Филиппинге оралған кезде Манила әуежайында оққа ұшқан болатын. Сол оқиғаға дейін үй шаруасымен айналысып келген Корасон Акино ханым саясатқа қосылып, оппозицияға жетекшілік етеді. 1986 жылы өзі басшылық еткен бұқаралық халық көтерілісінің нәтижесінде елді 21 жыл бойы басқарған диктатор Маркос пен оның зайыбы Имельда тағынан тайдырылды.