Филиппиндік боксшы Мэнни Пакьяо жартылай орта салмақта әлем чемпионы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Филиппиндік Мэнни Пакьяо жартылай орта салмақта Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды, деп хабарлады шетелдік БАҚ.

Филиппиндік боксшы Мэнни Пакьяо жартылай орта салмақта әлем чемпионы атанды

М.Пакьяо мен американдық Тимоти Брэдли арасындағы шаршы алаңдағы кездесу сенбі күні Лас-Вегаста өткен болатын. 12 раундқа созылған жекпе-жектің нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті филиппиндік боксшыға берді.

Айта кетерлігі, Пакьяо мен Брэдли шаршы алаңда осымен екінші мәрте жұдырықтасты. 2012 жылдың 9 маусымында өткен кездесуде төрешілер екіге жарылып, дегенмен жеңіс американдықтың еншісіне жазылған еді.

35 жастағы филиппиндік шаршы алаңда 56 рет жеңіске жетіп (38 нокаут), 5 мәрте жеңілістің ащы дәмін татса, екі кездесуін тең аяқтаған. Ал Брэдли осымен 32-ші рет жекпе-жек өткізіп, алғаш рет қарсыласына есе жіберіп отыр.