Философ Ж.Әбділдиннің 80 жылдығына арналған халықаралық конференция басталды

Ж.Әбділдин қазақстандық диалектика, диалектикалық логика мектебінің негізін қалаушы ретінде әлемге әйгілі. Ол мектеп арқасында адам ғылыми таным теориясының, диалектиканың, сыни шығармашылық ойлауды дамытудың, адамның тұлға болып қалыптасып, жетілуінің өзекті мәселелерін зерттейді. Адамзаттың материалдық және рухани мәдениетін алуан түрлілігімен және қайшылықтарымен қоса тұтас қамтитын, сыни шығармашылық ойлаудың әмбебап әдісін ұсынатын диалектика, қазіргі қоғам өмірінің барлық саласындағы қайшылықтардың шиеленіскен кезеңінде әлі де қажет, әлі де өзекті. Сондықтан екікүндік конференция аясында қарастырылатын сұрақтар да көп, сантүрлі. Онда диалектика, диалектикалық логика және таным теориясы мәселелері, адам, ізгілік және мәдениет мәселелері, ғылым және әлеуметтік- гуманитарлық таным әдіснамасы, дін және білімнің өзекті сұрақтары диалог түрінде талқыланбақшы, әрине, бұның өзі осы сұрақтардың көпшіліктің пікірталасына айналуына және шешімін табуына жол көрсетері анық.
Конференция 2013 жылдың 16 ақпанында Жабайхан Мүбәракұлы Әбділдинді салтанатты құттықтау рәсімімен аяқталады. Бұл шараға шетелдік және отандық құрметті қонақтар, олардың ішінде үкімет мүшелері, облыс әкімдері, жоғары оқу орындарының ректорлары да қатысады.