Философия докторларының (PhD) диссертациясы ашық түрде қорғалмақ
АЛМАТЫ. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ертең Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2010 жылғы PhD докторларының түлектері «философия докторы» академиялық дәрежесі бойынша диссертацияны ашық түрде қорғайтын болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазҰУ-дің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш университеттің PhD докторларының диссертациялық еңбектері ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сай қорғалмақ. Өйткені, олар ғылыми жұмыстарын Мемлекеттік аттестациялық комиссияның алдында қорғайтын болады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің тағайындауымен комиссия құрамында 12 ғылым докторы мен комиссия төрағалары бар. Сондай-ақ қорғауға ҒЗИ және зерттеу орталықтарының директорлары, мәдени орталықтардың өкілдері, ірі компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары шақырылған.
Еңбектерді қорғауда қойылатын басты талап ғылыми жұмыстар шетелдік ғылыми басылымда жариялануы тиіс. Сонымен қатар философ докторларына қойылған халықаралық стандарттарға жауап беретіндігінінен мағлұмат беретін шетелдік ғылыми жетекшінің пікірі болу керек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де PhD докторларын дайындау 2005 жылдан бастау алады. Отандық философ докторларын дайындауда мемлекеттің танымал ғалымдары, ғылым докторлары, Еуропа, Солтүстік Америка, Жапония және ТМД елдерінің ғылыми орталықтары мен оқу ордаларының ғылыми жетекшілері бірлесіп еңбек еткен. Сондай-ақ докторанттар отандық және шетелдік ғылыми жетекшілерінің қолдауымен дүние жүзінің беделді оқу ордаларында сынақ мерзімін өткізуге мүмкіндіктері бар.