Фин компаниялары Қазақстанда өкілдік ашып, Орталық Азия нарығына шыға алады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Қазақстан-фин сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 13-ші отырысы аяқталды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 208 миллион долларға жеткен.

Өз сөзінде ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж. Әлиев Қазақстан Финляндияны Солтүстік Еуропа өңіріндегі негізгі әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Біз екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылды одан әрі арттыруға мүдделіміз. 2023 жылы біздің елдер арасында екіжақты тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 пайызға өсіп, 208 миллион долларды құрады. Қазақстан Республикасынан Финляндияға экспорт 3 млн долларды, Финляндиядан Қазақстан Республикасына импорт 205 млн долларды құрады», - деді вице-министр комиссия отырысында.

Оның айтуынша, 2005 жылдан 2023 жылдың 3-тоқсаны аралығындағы Финляндиядан Қазақстан Республикасына тікелей инвестицияның жалпы ағыны 409,5 миллион долларды, ал 2023 жылы – 11,6 миллион долларды құрады.
«Еліміз инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр және инвесторлар үшін жақсы жағдай жасалған. Сонымен қатар, Қазақстан ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықаралық корпорацияларды елге көшіру шараларын белсенді жүзеге асыруда. Осыған байланысты Қазақстандағы бизнес-климаттың дәйекті жақсаруы аясында фин бизнесі Орталық Азия өңірінің нарығына шығу мүмкіндігі мен көшу үшін жаңа платформа ала алады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, фин компанияларын Қазақстанда өз өкілдіктерін ашуға шақырамыз», - деді Жомарт Әлиев.

Айта кетейік, шетелдік делегация құрамында Финляндияның тең төрағасы-Финляндияның сыртқы сауда және даму министрі Вилле Тавио, Финляндия СІМ Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары Микко Кивикоски, Финляндия Геологиялық қызметінің Бас директоры Киммо Тииликайнен бар.

Отырыс барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту және кеңейту бойынша кең ауқымды мәселелер талқыланды. Өнеркәсіп, білім беру, көлік, энергетика, сондай-ақ орман шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылдың қазіргі және перспективалық бағыттары қаралды.
