Финалға шықсақ қатарымызға Ұлттық құрама боксшыларын тартпақпыз- «Астана арландарының» бапкері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Астана арландарының» бас жаттықтырушысы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «ертеңгі айқас финалға шығуға жол салатын басты қадам» екенін айтып берді.
- Нұрлан Сәкенұлы ертең Қостанай төрінде шәкірттеріңіз Ұлыбританияның «British Leonhearts» командасымен жартылай финалдық кездесудің алғашқы айқастарын өткізбек. Дайындықтарыңыз қалай?
-Дайындығымыз өте жақсы. Боксшыларымыз бұрыннан осы жобада жүрген тәжірибелі. Сондықтан тек шәкірттерімнен жеңіс күтіп отырмын. 49 келіде Ермек Мәдиев, 56 келіде Ілияс Сүлейменов, 64 келіде Ділмұрат Мижитов, 75 келіде өзімнің төл шәкіртім Әбілхан Аманқұл бар. Ал 91 келіде жергілікті боксшы Антон Пинчук ел намысын қорғайды. Пинчук өз жерлестері алдында барын салам деп отыр.
-Қарсыластарыңыз туралы не білесіздер?
-Біз қарсыластарымызды жақсылап зерттедік. Олардың үшеуі таза ағылшын, екеуі легионер боксшы екен. Соның ішінде 49 келі мен 64 келі салмақтағы боксшылары ғана тәжірибелі көрінді бізге. Ал қалған үш салмақтағы боксшыларынан ерекше бір кереметті әзірге байқай алмадық.
-Бұйырса ойсырата жеңеміз деп жоспарлап отырсыздар ғой?
- Спорт сондай мақсатпен ғана өрлейді. Өз басым алдын ала болжам жасағанды аса қаламаймын. Бірақ, шәкірттерім шетінен жеңіске лайық деп есептеймін. Олар жаттығуды өте тыңғылықты, құлшыныспен жасады. Барлығы да жеңіс үшін жұдырықтасады.
-Осыдан біраз уақыт бұрын «Арландарға» Ұлттық құраманың боксшылары көмекке келуі мүмкін деген ақпараттар естіп едік...
-Иә, ондай жоспарлар болған. Бірақ, әзірге нақтылы белгісіз. Басшылық Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановқа: «Алда әлем біріншілігі жақындап келеді. Арландарға боксшыларыңды беремін деп жүргенде, олар ойламаған жерден жарақат алып қалып, әлем біріншілігінен қалып қоймаңдар», деп ескертіпті. Біз жартылай финалдың алғашқы және қарымта кездесуінде таза өз боксшыларымызды сынға саламыз. Егер, Алла қалап, финалға шығып жатсақ қана Ұлттық құрамадан көмек сұрауымыз мүмкін.
-Егер финалға шықсаңыздар қай команда қарсылас болуы мүмкін?
- Екінші топта Куба мен Колумбия арасындағы жеңімпаз командамен шығамыз. Кубаны жақсы білесіздер, өте мықты команда. Ал Колумбия да осал емес. Бұйыртқанын көреміз.
- Биылғы маусымда төрешілер жағынан бұра-тартушылықтың құрбаны болған кездеріңіз болды ма?
- Ондай-ондай спортта көп кездеседі. Бірақ, осы жобаға қатысқан алғашқы жылдардан бері қарай төрешілер қандай қысым жасаса да жүлдегерлер қатарынан қалып көрген емеспіз. Екі рет чемпион атандық. Биылда сол жетістікті қайталағымыз келеді. Жалпы, ағылшындар өз жерінде өтетін жарыстарда бұратартушылықты көп жасайды. Сондықтан ертеңгі жарыста барынша айқын басымдықпен ұтуымыз керек. Ертеңгі айқас финалға шығуға жол салатын басты қадам.
-Әңгімеңізге рахмет! Сәттілік тілейміз...