Финдер Ақмола облысында инновациялық жобаларды жүзеге асыруға ынталы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Финдер Ақмола облысында инновациялық жобаларды жүзеге асыруға ынталы. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің финляндиялық «UROS» компаниясының негізін қалаушы Юрки Халликайнен бастаған іскер топ өкілдерімен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Финдер Ақмола облысында инновациялық жобаларды жүзеге асыруға ынталы

Юрки Халликайненнен бөлек, делегация құрамында «UROS» компаниясының атқарушы директоры Джерри Раатикайнен, PISARA компаниясының атқарушы директоры Сакари Лайтинен және «Kaukointernational Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас атқарушы директоры Владимир Олещенко бар.

Кездесуде тараптар өңірде жасыл және IT-технология саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру  мүмкіндіктерін қарастырды.

Юрки Халликайненнің айтуына қарағанда, 2011 жылы негізі қаланған «UROS» компаниясы мобильді бизнесте сымсыз технологияны пайдаланумен танымал. Германия, Қытай, АҚШ, Швейцария сияқты әлемнің көптеген елдерінде филиалдары жұмыс істейді.  Компания мобильді бизнес қана емес, сонымен қатар табиғи ресурстарды тиімді қолдану, энергия үнемдейтін технологиялар, қоршаған ортаға келтірілетін зиян мөлшерін барынша азайту, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, су, энергия  жүйесін цифрландыру және қазіргі замаңғы технология бойынша тұрғын үй салуды да жүзеге асырады.

«Біздің корпорацияның құрамында тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, баламалы энергия өндіру және энергия үнемдеумен айналысатын Финляндияның инновациялық-технологиялық компаниялары бар. Бізге сіздермен Финляндияның тәжірибесімен бөлісу маңызды. Өйткені, Финляндия экологиялық тиімділіктің халықаралық индексі бойынша дүниежүзіндегі «жасыл ел» саналады. Біз тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, орман және су тазалау нысандары, биогаз стансасының құрылысы, су секторларын цифрландыру және индустриалды және туризм саласында инвестиция тарту бойынша бірлесе жұмыс істеуге қызығушылық танытып отырмыз», деді Владимир Олещенко.

Өз кезегінде аймақ басшысы  шетелдіктердің ұсынысына қызығушылық танытып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Әсіресе, аймақ басшысы Финляндияның тұрғын үй коммуналдық саласын цифрландыру бойынша мол тәжірибесін ескере келе, өңірде «Aqmola Smart» жобасынын іске қосылғанын атап өтті.

 «Біз жан-жақты әріптестік орнатуға дайынбыз. Әсіресе, бізге өңірде қысқы туризмді дамытуда Финляндияның тәжірибесі қызықтырады», - облыс әкімі.