Финляндия алғаш рет НАТО құрамында жаттығу өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – 17 қарашада Финляндия аумағында НАТО елдерінің қатысуымен ірі артиллериялық жаттығу өтті, деп хабарлайды CNS ақпарат агенттігі. 

Финляндия
Фото: report.az

Бұл Финляндияның 2023 жылы НАТО-ға мүше болғаннан кейінгі алғашқы ауқымды әскери іс-шарасы болып табылады.

Жаттығу НАТО-ның «Dynamic Front-25» бағдарламасының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды. Оған Финляндия, АҚШ, Швеция, Ұлыбритания, Франция және басқа да НАТО елдерінен барлығы 3600 сарбаз қатысты.

Жаттығу Финляндияның Лапландия аймағындағы Роваярви (Rovajarvi) полигонында өтті. Бұл полигон Еуропадағы ең ірі әскери жаттығу алаңы саналады.

Финляндия армиясының полковнигі әрі жаттығудың жетекшісі Мякиталонің айтуынша, Роваярви полигоны көп бағытты далалық артиллериялық тактикалық жаттығулар өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл аймақ жауынгерлерді Арктика аймағындағы күрделі климаттық және географиялық жағдайларға бейімделуге үйретеді.

Айта кетейік, 2023 жылдың 4 сәуірінде Финляндия ресми түрде НАТО-ның 31-ші мүшесі атанған болатын.

Соңғы жаңалықтар