Финляндия ядролық қаруды әкелуге және транзиттеуге қойылған тыйымды алып тастады
АСТАНА. KAZINFORM – Финляндия парламенті ел аумағына ядролық қаруды әкелуге, сақтауға және транзиттеуге қатысты көп жылдық шектеулерді алып тастайтын заңнамалық түзетулерді мақұлдады.
Заң жобасын 125 депутат қолдап дауыс берсе, 61 депутат қарсы шықты. Тағы 13 депутат дауыс беруге қатыспады.
Қабылданған өзгерістер Финляндияның Ядролық энергия туралы заңына және Қылмыстық кодексіне енгізілді. Билік өкілдерінің мәліметінше, бұл шешім елдің НАТО қорғаныс жүйесіне толыққанды ықпалдасуына мүмкіндік береді.
Финляндия Қорғаныс министрлігі жаңа нормалар дағдарыс жағдайларында икемді әрекет етуге және ұлттық заңнаманы Норвегия, Дания және Швеция сияқты НАТО-ға мүше скандинавиялық елдердің талаптарына сәйкестендіруге бағытталғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Хельсинки ел аумағында ядролық қаруды тұрақты негізде орналастыруды немесе жаппай қырып-жою қаруын жасауды жоспарламайтынын атап өтті. Өзгерістер тек әскери қауіп туындаған жағдайда НАТО-ның ядролық тежеу күштерін уақытша орналастыруға немесе транзитпен өткізуге құқықтық мүмкіндік береді.
Финляндия Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша міндеттемелерін сақтайтынын да растады.
Финляндия 2023 жылдың сәуір айында НАТО-ның 31-мүшесі атанып, ондаған жыл бойы ұстанған әскери бейтараптық саясатынан бас тартқан болатын.
Айта кетейік, Финляндияда әлемдегі алғашқы ядролық қалдықтар қоймасы іске қосылмақ.