Финляндияның бас комиссары «Зияткер ұрпақ» жобасына қатысты
Бас комиссардың қатысуымен өткен шеберлік сыныбының негізгі тақырыбы мансаптық өсу жолы және оны тиімді жоспарлау әдістеріне арналды. Спикер ретінде ол кәсіби өсудің басты төрт жолын ұсынды.
«Әуелі сапаға мән беріп үйрену керек. Сапаға жету үшін білім мен мәселені тиімді шешудің тетіктерін жетік меңгерген дұрыс. Екінші бір айтарым, салауатты өмір салтын сақтай отырып, жұмыста, үйде және айналаңмен байланысты қалыптастыру үшін тепе теңдікті ұстай білген жөн. Тек бір жағына ғана мән беру жетістік әкелмейді. Ұжыммен жұмыс - табысқа жетудің кепілі. Мен мұны сіздерге үшінші кеңесім ретінде айтар едім. Ең соңғысына «қазіргі уақыт» деген ұғымды айтуға болады. Біз өмір сүріп отырған қоғам күн сайын өзгеріп барады. Жаңа технологиялардың пайда болуы біздің өзгеруімізді талап етеді. Сондықтан, өзгерістерге бейім болуды, тұрақты түрде білім алып отыруды ұсынар едім», - деді Северий Кейнала.
«Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының «Зияткер ұрпақ» жобасы қатысуға қызығушылық танытқан бас комиссар жобаның алға қойған мақсаты мен міндетін жоғары бағалайтындығын жеткізді.
«Жастарды тәрбиелеу үшін «Зияткер ұрпақ» сияқты жобаның болуы маңызды екенін ұғынуымыз керек. Жобаның көздеген межесі көңілімнен шықты. Күннің басты тақырыптарын ортаға салып, оқушылар мен студенттерге арнап тамаша мүмкіндік ұсынып отырған ұжымның жұмысын бағалаймын. Біз үнемі жетіліп, өсуге тиіспіз. Ол үшін «Зияткер ұрпақ» сияқты жобаның болуы заңдылық», - деді бас комиссар.
Айта өтейік, оқушыларға шеберлік сыныбын өткізген Северий Кейнала Финляндияның туризм, инвестиция және экспорт саласында лауазымды қызметтерді атқарған. Сондай-ақ, сауда ісі бойынша халықаралық деңгейдегі жауапты міндеттерді де орындаған.
«Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының жоба менеджері Ералы Болатов ұжым атынан лауазымды тұлғаның «Зияткер ұрпақ» жобасына қатысқанына алғыс айта отырып, жоба алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтты.