Фируза Шәріпова Алматыда жекпе-жек өткізбейтін болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірнеше чемпиондық белдіктің иегері, қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шәріпова 24 наурыз күні Алматыда өтетін бокс кешіне қатыспайды. Бұл туралы спортшы Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фируза бұған дейін WBO, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы белдігі сарапқа салынатын жекпе-жекті Алматыда, 24 наурыз күні өткізуге дайын екенін мәлімдеген болатын.
«Suleimen Boxing Promotions осы бокс кешіндегі менің жекпе-жегімді қаржыландыруға дайын емес, біз олармен келісімшарт жасап, осы компанияның аясында кездесу өткізуді ұсынып едік. Мен Нұрсұлтан Әбішұлына бұрын елімізде болмаған WBO белдігін сыйға тартқым келіп еді. Өкінішке қарай, мұны осы айда іске асыра алмаймын. Қазақстанда осы шара үшін 150-200 мың доллар шығаруға шамасы жететін кәсіпкер табылмағаны ма? Өйткені мен жанкүйерлерге нағыз мереке және бүкіл Қазақстан үшін жаңа жетістік сыйлау үшін гонорарсыз-ақ жекпе-жек өткізуге келісім бердім. Қаржы тапқан бойда мен бүкіл маңызды титулдарды жеңіп аламын», - деп жазды Шәріпова.
Қазақстанның кәсіпқой боксы парақшасында мәлім етілгендей, ұйымдастырушылар қазақстандық боксшы қызға рингті ұсынуға дайын екенін білдірген.
«Фируза Шәріпованың өз менеджері мен промоутері бар. Боксшының жекпе-жектерін ұйымдастыру - солардың қолында. Suleimen Promotions қайырымдылық ұйым емес, оның өз мақсат-міндеттері бар. Фируза Шәріпованың бокс кешіне қатысу мүмкіндігі туралы мынаны айтқымыз келеді, біз онсыз да ұйымдастыруға кететін қаражаттардың барлығын міндетімізге алып отырмыз. Оның жекпе-жек өткізуіне қажетті уақытты да, рингті де беруге дайынбыз. Оған тек қарсыласымен бірге Алматыға келу ғана қалып отыр. Оның промоутеріне де осыны айттық», - дейді компания өкілдері.