10:50, 14 Қазан 2017 | GMT +5
Фируза Шарипова қазақстандық бокстың жаңа белесін бағындыруға ниетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпқой бокстағы тұңғыш қазақстандық қыз, WIBA және WBU бойынша жеңіл салмақтағы әлем чемпионы Фируза Шарипова Алматыда титулды кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Фейсбуктегі "Қазақстанның кәсіпқой боксы" парақшасына сілтеме жасап.

17 желтоқсан күні 12 мың орынға шақталған "Алматы-Аренада" Ф.Шарипованың FSK Promotion компаниясы ұйымдастыратын кәсіпқой бокс кеші өтеді. Басты кездесуде қазақстандық боксшы екінші жартылай жеңіл салмақтағы чемпиондық атақ үшін айқасқа түседі.
"Фируза аталған жекпе-жекте жеңіске жетсе, екі салмақ категориясындағы белбеулерге ие болады, бұл қазақстандық бокс тарихындағы жаңа белес", - деп жазды "Қазақстанның кәсіпқой боксы".
Еске сала кетсек, 26 тамыз күні Астанада өткен бокс кешінде Фируза Шарипова болгариялық Милена Колевадан басым түсіп, WIBA және WBU бойынша жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Атап өткен жөн, Фируза Шарипова - Қазақстанның кәсіби әйелдер боксындағы тұңғыш әлем чемпионы.