17:42, 22 Тамыз 2020 | GMT +5
Фируза Шәріпова Ресейде әлем чемпионы атағы үшін айқасады
ҚАЗАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова (10-1, 5 КО) Ресейдің Қазан қаласында IBA нұсқасы бойынша бірінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін танзаниялық Хэппи Даудимен (8-6-1, 4 КО) айқасады. ҚазАқпарат бұл туралы Sports.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық бокс жанкүйерлері тікелей эфирді «Хабар» телеарнасынан тамашалай алады. Бокс кеші Нұр-Сұлтан уақытымен 23.00-де басталады. Титулдық жекпе-жек тоғыз раундқа жоспарланған. Жалпы, кеш андеркартында 13 айқас өтеді: негізгі айқас ресейліктер Руслан Файфер (25-1, 16 КО) мен Алексей Папин (11-1, 10 КО) арасында болады.
Фируза Шәріпова бұған дейінгі жекпе-жегін 2019 жылдың сәуір айында өткізіп, ресейлік Анастасия Тришеваны (0-1) үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын. Хэппи Дауди айқастардың барлығын өз отанында – Танзанияда өткізген. Ол рингке соңғы рет желтоқсанда шығып, алты раунд нәтижесі бойынша отандасы Сиджали Рашидиді (0-1-1) төрешілердің бірауызды шешімімен ұтқан еді.