Фируза Шәріпованың бапкері әйелдер арасындағы ел чемпионатына қатысты пікір білдірді
"Ел чемпионаты - барлық спортшы үшін ең маңызды және жауапты турнирлердің бірі. Алдағы біріншілік Қазақстанның қыздар арасындағы бокс деңгейін көрсететін болады және кім қандай дәрежеге лайық екендігін анықтайды. Қазір жас та болса, таланты спортшы қыздар көп. Сондықтан турнирдің айқын фавориттері туралы айту әлі ерте", - дейді бапкер.
Ерік Балғабек біріншілікке Жамбыл облысының командасын дайындап, алып келіп отыр. Оның пікірінше, оның қол астындағы спортшылар ҚР чемпионатында жүлде алып қалуы әбден мүмкін.
"Біздің команда жаңарды, бірінші нөмірлі боксшы болған қыздарымыздың дені тұрмыс құрып, нәрестелі болып жатыр. Қазір құрамамызда негізінен жас спортшылар жинақталған және бұл олардың ең алғашқы үлкен турнирі. Жамбыл боксы еш уақытта жүлдеден кенде қалған емес, алдағы чемпионатта да орын аламыз деп ойлаймын", - деді ол.
Еске сала кетейік, бокстан қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты Астанада 3-9 мамыр күндері аралығында өтеді.