Фируза Шәріпованың кезекті қарсыласының кім екені белгілі болды
Қазақстандық боксшы қыз испаниялық былғары қолғап шебері Мириам Гутьерреспен кездеседі.
Испания чемпионы, Әлем және Еуропа чемпионатының жүлдегері М. Гутьеррес кәсіби бокс алаңында 7 рет жұдырықтасқан. Жеті жекпе-жекте де жеңіс тұғырына көтерілген. Оның 3-уінде қарсыласын уақытына жетпей тізе бүктірген.
Жекпе-жектің қашан әрі қайда болатыны әзірге белгісіз.
«Бұл жекпе-жек Фирузаның Ева Вальстреммен кездесуіне дайындық болмақ. Толық ақпарат жекпе-жекке қағаз жүзінде санкция алғанда бір-ақ белгілі болады», - деді Шәріпованың менеджері Сергей Завилейский.
Айта кету керек, Фируза Шәріпова 30-желтоқсанда Алматыда бельгиялық Джемилла Гонтарюкты тізе бүктірген болатын.
Енді Фируза фин спортшысы Ева Вальстреммен 2018 жылдың қазанында Монакода кездеседі.