Fitch агенттігі «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ қызметін оң бағалады

АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - Fitch Ratings агенттігі «Қазақстандық ипотекалық компания» ИҰ» АҚ-ның шетелдік валютадағы ұзақмерзімді рейтингін «ВВ», ұлттық валютадағы ұзақмерзімді рейтингін «ВВ+» және шетелдік валютадағы қысқа мерзімді рейтингін «В» деңгейімен бағалады.

Fitch агенттігі «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ қызметін оң бағалады

Аталған компанияның ұзақмерзімді рейтингтегі болжамы  «жағымды» деп саналады.

Fitch рейтингтік агенттігінің осы деңгейдегі бағалауы бұдан бұрын «Moody's Investors Servic» бағалаған рейтингке қарағанда айтарлықтай жоғары. Тоқтала кететін жайт, рейтингті бағалау барысында Fitch агенттігі мемлекеттік секторға арналған әдістемелерді қолданған. Өйткені, «Қазақстандық ипотекалық компания» квазимемлекеттік компания болып табылады және оның акционері Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі. Бұдан бөлек,  рейтингті бағалау барысында  Fitch агенттігі «Қазақстандық ипотекалық компанияны» Қазақстан Үкіметінің «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасының операторы ретінде белгілегенін де ескерген. Аталған бағдарлама аясында мемлекет тарапынан 2013-2016 жылдары аралығында «Қазақстандық ипотекалық компания» қосымша 107,7 млрд. теңгеге қаржыландырылатын болады.

Fitch агенттігінің жүзеге асырған рейтингтік бағалауы «Қазақстандық ипотекалық компанияның» айналымда жүрген барлық 14 облигациялық шығарылымдарын да бірдей қамтып отыр.