Fitch: Apple және Samsung арзан модельдердің жоқтығынан смартфондар нарығындағы үлесінің бір бөлігін жоғалтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Fitch Халықаралық рейтинг агенттігінің болжамы бойынша, Apple америкалық корпорациясының әлемдік смартфондар нарығындағы үлесі, 2013 жылмен салыстырғанда, жыл соңында 15 пайыздан 14 пайызға түседі. Ал оңтүстіккореялық Samsung холдингі 31 пайыздан 25-ке төмендейді.
Fitch сарапшыларының айтуынша, мұның себебі нарықта бағасын кез келген тұтынушының қалтасы көтеретін смартфондардың көп сұранысқа ие болуымен байланысты. Нарықта керісінше арзан қалта телефондарын өндірушілердің үлесі артады.
"Әлемдік брендке қарағанда құны маңыздырақ саналатын нарықта 100-300 долларлық смартфондар пайда болып, оларда қымбат Samsung пен Apple құрылғыларында бар функциялардың басым бөлігі болады", - деп жазды Fitch.
Агенттік екі ірі смартфон өндірушінің тауары 2014 жылы 450-460 млн. дана болады деп болжап отыр. Ал нарық көлемі 20% өсіп, 1,2 млрд. смартфонға сұраныс болмақ.