Фитосанитарлық бақылаудан кейін 105 тонна қырғызстандық өнім кері қайтарылды

Ведомство деректеріне сәйкес, бақылау және белгілеу пункттерінде 821,4 тонна, 332 текше метр (кесілген ағаштар) карантинге жатқызылған өнімі бар 117 жүк автокөлігі тексеруден өткізілді және 15 құқықбұзушылық анықталды. 14 факт бойынша 105,1 тонна жүк Қырғызстанға кері қайтарылды (ондағы 2 факт бойынша айыппұл салынды, 1 факт бойынша комсток құрты табылды), тағы бір факт бойынша айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 68 мың теңгені құрады.
Одан бөлек, 10 қазан күні Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында ветеринарлық бақылау күшейді. Қазіргі уақытта 6 шекаралық ветеринарлық бекетке 32 инспектор жұмылдырылған. Сондай-ақ, шекарадан өткен қырғыз өнімдерінен тыйым салынған және ластағыш заттардың (антибиотиктер, микроорганизмдер, ауыр металлдар тұзы және т.б.) табылуына байланысты, белгілеу бекеттерінде бақылау мен қадағалауды күшейту туралы нұсқау берілді.
Қазіргі уақытта Қазақстанға өз өнімін жеткізу құқығы бар кәсіпорындар тізімінде Қырғызстанның 15 сүт өңдеуші, 8 балық өңдеуші және 2 дайын ет өнімдерін өндіруші - жалпы саны 25 кәсіпорны бар.
Әзірге 5 қырғызстандық сүт өңдеу кәсіпорнын тексеруде және жеткізілген өнімге бақылау жасауда құқықбұзушылықтар анықталып, оларға өз өнімдерін Қазақстанға жеткізуге тыйым салынды.
Жекелеген азық-түлік өнімдеріне қатысты тағы 2 қырғыз кәсіпорнына күшейтілген зертханалық бақылау енгізілді (өнімнің әр топтамасынан алынған сынамалар зертханалық зерттеуге жіберіледі).
13 қазан күні «Қарасу» бекетінде «Риха» ЖШС (Шу облысы) шұжық өнімдері тиелген машина тоқтатылды және ветеринарлық сертификаты дұрыс толтырылмаған (12.10.2017 № KG 0883-00000047 ветеринарлық сертификатында тауарлық-көліктік жүкқұжаттардың барлығы көрсетілмеген). Жүк кері қайтарылып, 226 900 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қырғыз тауарларына қатысты ветеринарлық бақылауды күшейткен сәттен бастап, оларды әкелу мен транзит көрсеткішінің күрт төмендегені байқалады.