Флеш-карта адам өлтірген қылмыскерлерді анықтауға көмектесті - ІІМ
АСТАНА. 19 қазан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Алматы қаласының полицейлері 31 жастағы жергілікті тұрғынды өлтіру оқиғасына қатысы бар қылмыскерлерді флеш-карта арқылы анықтады.
Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Оның хабарлауынша, белгісіз азаматтың мәйіті қыркүйек айының соңында Алматы қаласындағы шағын аудандардың бірінде табылған болатын. Оның қалтасынан табылған флеш-картадан шығарылған фотосуреттер арқылы оның жеке басы анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жәбір көрген азаматтың қаланың жиһаз цехтарының бірінде жұмыс істегені анықталды. Қылмыс болған күні ол және Алматы облысының үш тұрғыны бірігіп, цехта ішімдік ішкен. «Отырыс» барысында шыққан ұрыс-керістің нәтижесінде үшеуі оны соққыға жыққан. Ал таңертең жәбірленушінің көз жұмғанын көргеннен кейін мәйіттен құтылу мақсатында цехтағы құралдарын пайдалана отырып, оның денесін мүшелеп, сөмкеге салып, алаңқай жердегі шұңқырға лақтырып жіберген. Содан кейін бензин құйып, өртеген. Полицейлер қылмыс жасағандардың біреуін, яғни Алматы облысы Достық стансасының 23 жастағы тұрғынын ұстады. Ол өз кінәсін толық мойындап отыр. Қалған қылмыскерлер іздестірілуде», - деп атап көрсетті Н.Ораз.