Флорида жағалауында 10 дельфиннің не себептен өлгендігі анықталмай отыр
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Он екі гринд дельфині американдық Флорида штатының жағалауына шығып қалған.
Бұл туралы сейсенбі күні АҚШ-тың мұхит пен атмосфераны зерттеу бойынша Ұлттық басқармасынан хабарланды.
Бірнеше күн бұрын Флорида жағалауының маңында 18 дельфин жүргені байқалған. Дүйсенбі күні құтқарушылар 2 өлген жануардың үстінен шықты. Жағалауда әлсіреп жатқан тағы 2 тіршілік иесі де солардың кебін киді. Сейсенбіде 8 сүт қоректінің өлігі табылды. Қалғандары іздестіріліп жатыр.
Ғалымдар дельфиндер мен өзге сүт қоректілердің жағалауға шығып кету себептерін анықтай алмай отыр. Гриндтер немесе қара дельфиндердің ұзындығы 8,5 метрге дейін, ал салмағы орташа алғанда 1 тоннаға дейін жетеді. Ал кейбіреулерінікі тіпті 2 тоннадан асып та жатады. Гриндтер көбіне ашық мұхитта болады. Жағалауларда сирек жағдайда кездеседі.