Флорида жағалауында Мексикаға бағыт алған ұшақ мұхитқа құлады
АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Бортында төрт адамы бар жеңіл моторлы ұшақ Американың Флорида штатының жағалауында Атлант мұхитына құлады.
Мексикада тіркелген Learjet 35 жергілікті уақыт бойынша 19:51-де сейсенбі күні Форт-Лодердейл қаласының әуежайынан Мексиканың Косумель қаласына ұшып шыққан. Ұшақ көкке көтерілгеннен кейін жарты сағаттан соң экипажбен байланыс үзілген.
Азаматтық авиация басқармасы өкілінің сөзіне қарағанда, ұшақ суға жағалаудан бір жарым шақырым қашықтықта құлаған. Апат ауданында іздеу-құтқару шаралары жүргізіліп жатыр. Қазір екі адамның денесі табылды.